Шымкентте полиция қызметкерлері аса ірі көлемде «синтетика» тәркіледі
Шымкент қаласында полиция қызметкерлері аса ірі көлемдегі синтетикалық есірткі затын тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Әл-Фараби ауданы аумағында есірткі тасымалымен айналысқан күдіктіні анықтады. Тексеру кезінде ұсталған азаматтың өзімен бірге мефедрон салынған пакеті болған. Полиция қызметкерлері бұл әрекеттің алдын алып, психотроптық заттың 200-ден астам дозасының заңсыз айналымға түсуіне жол бермеді.
Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынған.
Құқық қорғау органдары есірткінің заңсыз айналымы үшін қатаң жаза, соның ішінде бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салады. Тәртіп сақшылары азаматтарды қоғамның қауіпсіздігі мен салауатты болашағы үшін есірткіге қарсы күреске атсалысуға шақырады.