Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада пробация есебіндегі сотталғандарға психологиялық тест жүргізілді

Қызылордада пробация есебіндегі сотталғандарға психологиялық тест жүргізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қылмыстық жазасын өтеген азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта Қызылорда облысындағы аудандық және қалалық пробация қызметтері жүйелі жұмыстар атқаруда.

Қызылорда қалалық пробация үйінде Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу және оңалту орталығының психологы З. Бисекова мен пробация қызметінің инспектор-психологы Г. Жылқаманова есепте тұрған азаматтарды қабылдады. Олар пробация есебіндегі тұлғалардың мінез-құлық ерекшеліктерін анықтау мақсатында психологиялық тест жұмыстарын ұйымдастырды.

- Психологиялық тест нәтижелеріне сүйене отырып, есепте тұрған азаматтарды дұрыс жолға бейімдеу үшін түрлі тәрбиелік шаралар жүргіземіз. Мұндай оңалту шаралары олардың қоғамға бейімделуіне ықпал етіп, өмірге деген көзқарасын өзгертуге және болашаққа сенімін арттыруға көмектеседі, – деп атап өтті психолог Гүлзинат Жылқаманова.

Өз кезегінде, қабылдауда болған есептегі азамат:

- Бүгінгі психологпен кездесу мен үшін өте маңызды болды. Өзімді тереңірек түсініп, жасаған қателіктеріме көз жүгірттім. Енді қайтадан қылмыс жасамау керектігін ұқтым. Менің дұрыс шешім қабылдап, жаңа өмір бастауым үшін психологиялық тұрғыда көмек көрсетіп жатқан пробация қызметі мен мамандарға шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді.

Қоғамға қайта бейімдеу шараларының нәтижесінде пробация есебіндегі азаматтардың жаңа өмірге деген ұмтылысы нығайып, олардың болашаққа деген сенімі арта түсетіні сөзсіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру