Риддерде әйел ана атын есірткі тарату үшін пайдаланған
Риддерде басқа өңірден келген жас ана синтетикалық есірткі таратумен айналысқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Риддер қаласының полиция қызметкерлері 35 жастағы басқа облыстың тұрғынын анықтап, ұстаған. Белгілі болғандай, ол өткен жылдың желтоқсан айында кәмелетке толмаған баласымен бірге қалаға келіп, «балалы әйел» мәртебесін пайдаланып, синтетикалық есірткі таратумен айналысқан.
Тергеу барысында күдіктінің есірткіні алдын ала ойластырылған схема бойынша сатқаны белгілі болды. «Жетекшілер» деп аталған қаскөйлер есірткіні жасырын орындарға қалдырып отырған, кейіннен күдікті оларды алып, әрі қарай таратқан. Ал жасырын орындар ретінде әдетте қоғамдық жерлер немесе қаланың адамдар аз жүретін иесіз қалған аудандары таңдалған.
Жеке тінту жүргізу барысында полицейлер ұнтақ тәрізді зат салынып, изолентамен оралған 80 ораманы тауып, тәркілеген.
Сараптама нәтижесі бойынша тәркіленген зат аса ірі көлемдегі синтетикалық есірткі екені анықталды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ұсталған әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал оның кәмелетке толмаған баласы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберілді.