Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

20 жыл тыныштық күзетіндегі учаскелік полицейдің бір күні

20 жыл тыныштық күзетінде жүрген учаскелік полицей қызметінің қыр-сырымен бөлісті , – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарапайым халықпен бірге қайнаған тіршілік ортасында қауіптің алдын алу үшін жүретіндердің бірегейі – учаскелік полиция инспекторлары. Отбасының берекесін қашырған маскүнеммен, есірткіге елірген нашақормен не болмаса көшеде тәртіпсіздікке жол берген бұзақымен бетпе-бет келетін сақшылардың қоғам алдында арқалаған жауапкершілігі зор. Саналы ғұмырында бір салада қызмет ету асқан табандылықты талап етері сөзсіз. Дегенмен, күнделікті қарбалас пен қиындықтың ортасында жүретін тәртіп сақшылары арасында осындай қызметкерлер баршылық. Солардың бірі – полиция подполковнигі Медихан Кенжетайұлы Бахонов.

Полиция подполковнигі шеніне дейін көтерілген Медихан 2009 жылдан бастап учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқарады.  20 жылға жуық уақыт тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста болып, әкімшілік аумақтағы әр тұрғынның тыныштығы үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген Медиханның тұрғындар арасында беделі де зор. Атырау қаласындағы №15 учаскелік полиция пунктінде жұмыс жасап, мол тәжірибе жинаған тәртіп сақшысы өзінің жауапкершілігіне бекітілген аумақта есепте тұрған азаматтар мен пробация қызметінің бақылауында жүргендерді де назардан тыс қалдырмайды. Оның учаскесіндегі тұрғындар саны 5 мыңнан асады.

Өзіне қарасты аумақта қылмыс аз, бірақ әкімшілік құқық бұзушылықтар жиі кездеседі. Түрлі қылмыстың ортасында жүретін учаскелік полицей – расында әмбебап маман. Аумағында қылмыс болса, ол – жедел уәкіл, тергеуші, тіпті криминалист те болып кетеді. Медиханның уайымы – отбасылық жанжал мәселесі. Оның айтуынша, бұл ең жиі түсетін шағымның бірі. 

– Арыз түскен отбасымен сөйлесіп, қорғау нұсқамасын шығарамын. Қорғау нұсқамасы 30 күнге шығарылады. Яғни, осы бір ай уақыт көлемінде отбасыны бақылауға аламыз. Егер белгіленген уақыт ішінде тағы да зорлық-зомбылық әрекеті байқалса, онда құқық бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырамыз. Кейін оны уақытша ұстау изоляторына қамаймыз. Ертесіне сотқа керекті құжаттарды дайындап береміз. Бір айта кететінім, ол – барлық керекті құжаттың цифрлық форматқа ауысуы. Бұл біз секілді учаскелік полицейдің уақытын үнемдеуге таптырмас мүмкіндік, – дейді тәртіп сақшысы.

Медихан жауапты аумағында болған әрбір отбасылық кикілжіңнің шешімін табуға тырысады. Ол осындай кезде екі тарапты да мұқият тыңдау маңызды екенін айтты.

Тәртіп сақшысы өз жұмысын халықпен байланысты болғаннан кейін олардың сенімі ол үшін әлдеқайда маңызды екенін айта өтті.

– WhatsApp мессенджерінде өз есебімдегі тұрғындармен бірге 3 чатым бар. Оның ішінде, тұрғын үй мен жер үйлер және шағынауданның тұрғындары бар. Бір жақсысы, халық сервистік полицияның осы бір тұсын өте ұтымды пайдаланады. Біз байқамайтын ұсақ құқық бұзушылықтар анықталады. Чатты жиі жаңартып, қарап отырамын. Арызданушы адаммен бірден байланысып, оқиға орнына дереу барамыз, – деді учаскелік инспектор Медихан.

Медихан Бахонов – салада білікті қызметкер болса, отбасында қамқор әрі мейірімді әке. Жұбайы Ақмаралмен бірге екі ұл, екі қызды тәрбиелеуде. Таңның атысынан басталған жұмыстан түнгі сағат 22:00-де шығады. Жұмыстан соң үйіне жетіп, балаларын көргенше асығады. №15 полиция пунктінде тағы бірнеше учаскелік полиция инспекторы қызмет етеді. Бәрінің мақсаты – бір. Ол – қоғамның тыныштығын сақтау және құқық бұзушылыққа жол бермеу. 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру