Қызылордада ұландықтар көпқабатты үйден шыққан өрттің алдын алды
Қызылордада орналасқан ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5547 әскери бөлімінің әскери жасақтар бойынша кезекшісі Абай Жандар қызмет атқару барысында көпқабатты үйден шыққан өртті байқап, болуы мүмкін қайғылы жағдайдың алдын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әскери жасақтарды тексеру барысында ол көпқабатты үйлердің бірінің жертөлесінде өрт шыққанын байқаған.
— Жағдайды бағалап, тез арада өрт сөндіру қызметіне қоңырау шалып, тұрғындарды сыртқа шығара бастадым. Кіші сержант Сергей Образцов пен қатардағы жауынгер Дамир Бисенбаевтың көмегімен үйді қоршауды ұйымдастырдық. Басқа әскери қызметшілер тұрғындарды өрт аумағынан қауіпсіз қашықтыққа апарып, қауіпсіздікті қамтамасыз етті, – дейді Абай Жандар.
Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер тілсіз жауды ойдағыдай сөндіріп, сын сағаттағы жедел әрі кәсіби іс-қимылдары үшін ұландықтарға алғыс білдірді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланы әскери қызметшілері мен өрт сөндіру мамандарының үйлесімді жұмысының нәтижесінде зардаптар мен залалдарға жол берілмеді. Үй тұрғындарының айтуынша, Абай Жандардың және оның қарамағындағы сарбаздардың әрекеттері үрей тудырмай, эвакуация кезінде тәртіпті қамтамасыз етті.
— Біз Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қайсарлығы мен жедел көмектері үшін ризашылығымызды білдіреміз. Олардың кәсібилігінің арқасында бізге қауіп төнбеді, – дейді үй тұрғындарының бірі.
Өрттің шығу жағдайлары анықталып жатыр.