Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада тыйым салынған уақытта алкоголь сатқан үш дүкен анықталды

Қызылордада «Қауіпсіз аула» іс-шарасы барысында белгіленген уақыттан тыс алкоголь өнімдерін сатқан үш дүкен анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қоғамдық тәртіпті сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде учаскелік полиция инспекторлары жұмысының маңызы ерекше. Осыған орай ҚР ішкі істер министрі Ержан Саденов 2025 жылды Профилактика жылы деп жариялады. Облыстағы барлық тұрғын үйлердің аулалары мен кіреберістерінде учаскелік полиция инспекторларының жеке мәліметтері, байланыс нөмірлері көрсетілген. Бұл ақпараттар көзге түсетін ыңғайлы жерде орналасқан.

«Қауіпсіз аула» жедел-профилактикалық іс-шарасы қала аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қорқор өнімін пайдалану, түнгі мезгілде алкоголь өнімін өткізу деректерін анықтау, кәмелетке толмағандармен жасалатын құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында өткізілді. Іс-шараның бірінші күнінде полиция қызметкерлері 9 құқық бұзушылықты анықтады.

Мысалы, түнгі уақытта облыс орталығында орналасқан кафе-барлардың бірінде кальян шегіп отырған азаматтар анықталып, оларға хаттама ресімделіп, профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Аталған кафе-бар иелерінің барлығына қорқор бұйымын келушілерге ұсынғаны үшін тиісті шара қолдану мақсатында Қызылорда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасына құжаттар жолданды. Белгіленген уақыттан тыс алкоголь өнімін сатқан 3 дүкен анықталды.

Аталған дүкен иелерінің алкоголь өнімін сатуға лицензиясы бар-жоғын тексеру мақсатында Қызылорда қалалық мемлекеттік кірістер басқармасына құжаттар жолданды. Түнгі уақытта заңды өкілінсіз кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болуы бойынша олардың заңды өкілдері және жол берген кәсіпкер де әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру