Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында экология мәселелері басты назарда

Ақмола облысы полиция департаментінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын жүзеге асыру және қалдықтарды шығару мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараны ПД бастығының бірінші орынбасары Серік Әбутәліпов ашып, экологиялық проблемаларды кешенді түрде шешудің маңыздылығын атап өтті.

Кеңеске мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасының, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, экология департаментінің өкілдері, мердігер ұйымдардың басшылары, ПИК және МИБ төрағалары, сондай-ақ басқарма басшылары қатысты. Бейнебайланыс арқылы облыстың аумақтық құрылымдары да талқылауға қосылды.

Жиын барысында Ақмола облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ерболат Хусаинов облыстағы қалдықтарды орналастыру мәселелері туралы баяндама жасады. Ол ғарыштық мониторинг деректеріне сүйене отырып, облыс аумағында рұқсатсыз қалдықтарды орналастырудың 800-ден астам орны анықталғанын жеткізді. Бұл жағдай ресми жұмыс істеп тұрған тоғыз полигонның жеткіліксіз екенін көрсетеді.

- Қалдықтарды жинауға рұқсат етілген орындардың тапшылығы өңірдің басты мәселелерінің бірі. Бұл проблема кешенді шешуді қажет етеді, – деп атап өтті ол.

Кеңеске қатысушылар құрылыс саласындағы қалдықтарды жоюға қатысты мердігер ұйымдардың жеткіліксіз әрекеттерін сынға алды. Құрылыс нысандары маңында рұқсатсыз пайда болған қоқыс алаңдары экологиялық ахуалды нашарлатып отыр.

- Облыс орталығының даму қарқыны құрылыс қоқыстарының көлемін арттырып, инфрақұрылым жүйесін жетілдіру қажеттілігін туындатады. Мердігер ұйымдарға бақылауды күшейту және бұл мәселені кешенді түрде шешу маңызды, – деді жиналыс барысында қатысушылар.

Сонымен қатар жиында қалдықтарды заңсыз тасымалдаушыларға бақылауды күшейту, заңсыз қоқыс тастау әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілікті қатайту, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызметтердің тығыз өзара іс-қимылының қажеттілігі мәселелері талқыланды.

Кеңес соңында Серік Әбутәліпов жиналғандарға алғысын білдіріп, экология мәселелерін шешуде барлық мүдделі тараптардың белсенді атсалысуының маңыздылығын атап өтті.

- Әрбір ұйым мен азамат аймақтың тазалығы үшін өз жауа‍пкершілігін сезінуі керек. Қалдықтарды кәдеге жарату мәселесінде жүйелі көзқарас пен өзара іс-қимыл қажет, – деді ол.

Жиын қорытындысы бойынша облыстың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында қосымша шараларды әзірлеу тапсырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру