Қостанай облысында зорлық-зомбылық құрбандарына арналған бөлмелер ашылды
Қостанай облысында зорлық-зомбылық құрбандарына арналған бөлмелер ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2023-2024 жылдары Қостанай, Рудный және Қостанай аудандарында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдер мен балалар үшін арнайы бөлмелер ұйымдастырылды. Бұл бөлмелердің басты мақсаты – зардап шеккендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олар үшін жылы, жайлы орта құру. Мұнда олар полицейлермен және психологтармен қорықпай, еркін әңгімелесе алады.
Әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі аға инспектор Гүлжанат Шаяхметованың айтуынша, 2024 жылы мұндай бөлмелерде 160 әйел қабылданған. Оның ішінде 8 әйел мен 4 бала қылмыстық істер бойынша, ал қалғандары әкімшілік құқық бұзушылық аясында сұрақ-жауаптан өткен.
Арнайы бөлмелер қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Балалар үшін арнайы ойын бұрыштары қарастырылған, бұл әйелдер мен балалардың күйзелісін азайтып, олардың ашық әңгімеге бейімделуіне ықпал етеді. Мұндай жағдайлар сенімділік атмосферасын қалыптастырып, тергеу процесін жеңілдетеді.
Өңірде Қостанай, Рудный, Арқалық, Лисаков және Жітіқара қалаларында 5 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтарда зардап шеккендерге жан-жақты психологиялық, құқықтық көмек және әлеуметтік қолдау көрсетіледі. 2024 жылы бұл орталықтарға 200-ден астам әйел мен бала, сондай-ақ үш ер адам жүгінген. Олар уақытша баспана, жеке күтім құралдары және заңды мәселелерді шешу бойынша көмек алады. Мұнда аналарға балаларын біраз уақытқа тәрбиешілердің қарауына қалдырып, тынығуға немесе өз істерін реттеуге мүмкіндік беріледі.
Гүлжанат Шаяхметова халықтың сенімі полиция жұмысының маңызды бөлігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, зорлық-зомбылық құрбандарына үнсіздік кедергісін жеңуге және көмек сұрауға мүмкіндік беру қажет. 2024 жылы сенім телефондары арқылы 300-ге жуық әйелге көмек көрсетілген. Полиция әрдайым қолдау көрсетуге және әрбір қиын сәтте көмек қолын созуға дайын.
20-29 қаңтар аралығында республика бойынша «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Бұл шараның мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алып, зардап шеккендерді қолдау. Полицейлер зорлық-зомбылық туралы уақытында хабарлау біреудің өмірін құтқаруы мүмкін екенін ескертеді.
Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәсі болсаңыз, үнсіз қалмаңыз. Бұл туралы полицияға хабарлау арқылы сіз біреудің өмірін жақсы жаққа өзгертіп, қайғылы оқиғаның алдын алуға көмектесесіз. Әрбір адамның қолдауы мен батылдығы зорлық-зомбылыққа қарсы күресте маңызды рөл атқарады.
https://youtu.be/q5BvHxmR_10?si=L5eVU1OqnGYUEZi5