Қызылорда облысында полиция интернет-алаяқтықтың алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр
“Qyzylorda" телеарнасында "Қайырлы күн, Қызылорда!" бағдарламасының кезекті шығарылымында Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Тоқтыбаев "Алаяқтықтың алдын алу" тақырыбында сұхбат беріп, профилактикалық жұмыстарға тоқталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі уақытта интернет пен цифрлы технологиялардың үздіксіз дамуына байланысты интернет - алаяқтық қылмысы қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналып отыр және оның түрлері де күн сайын кең таралуда. Интернет-алаяқтықтың басқа қылмыстарға қарағанда өзектілігі – жас ерекшелігіне қарамастан кез келген адам құрбан болуы мүмкін. Әсіресе, олар әлеуметтік желілердің мүмкіндігін ұтымды пайдаланып отыр.
Өткен жылы 781 алаяқтық дерегі тіркеліп, ол жалпы тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың 28,3 пайызын құрады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесімен 434 қылмыстық іс өндірістен аяқталып, түпкілікті шешім қабылданып, Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Өткен жылы облыста 308 интернет-алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық істер тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесімен 88 қылмыстық іс өндірістен аяқталып, түпкілікті шешім қабылданған. Қазіргі уақытта өңірде ең жиі кездесіп жүрген интернет-алаяқтықтың түрлері:
- ұялы байланыс операторы ретінде таныстырып, SIM-картаңыздың жарамдылық мерзімінің өткендігін ескертіп, мерзімін ұзарту үшін телефонға жіберілген кодты сұрап алып, жеке деректерге қол жеткізеді;
- өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, атыңыздан несие алып жатқанына немесе онлайн-банкті бұзып жатқанына сендіріп, ақшаны арнайы шотқа салуды талап етеді;
- түрлі әлеуметтік желілер мен мессенджерлер акцияға инвестиция салудан жылдам түсетін кірісті жарнамалайды;
- Whatsapp әлеуметтік желісі арқылы жақын таныстарыңыздың фотосуреттерін пайдалану арқылы қарызға ақша сұрайды;
- WhatsApp желісінде пайыздық мөлшермен үстемақыны көбейту секілді хабарламаларға алданып, көрсетілген есеп-шоттарға ақша аударуды сұрайды;
- Instagram арқылы тұрмыстық заттарды сату-жеткізу парақшаларын ашып, алдын ала ақшасын тиісті есеп-шотқа аудартып алады;
- жалған жарнамалар орналастырып, ақша қаражаттарын аудартып алады.
- Облыста интернет-алаяқтықпен күресу мақсатында "Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы" құрылып, арнайы ақпараттық техникалармен жабдықталып, қылмыстарды ашу бағытында жұмыстарды атқаруда, - деді Серік Тоқтыбаев.
Облыс көлемінде халық көп шоғырланатын қала, аудан орталықтарында, автобустарда, үйлердің подъездерінде жадынамалар таратылуда;
- Әлеуметтік желілерде профилактикалық бейнероликтер жариялануда;
- департамент басшылығы және басқарма бастықтарымен брифингтер өткізілуде;
- Қала көлемінде орналасқан мемлекеттік және жеке ұйымдарға профилактикалық лекциялар өткізілуде;
- "Qyzylorda", «Қоғам ТВ» телеарналары бағдарламаларының тікелей эфирінде "Интернет-алаяқтық" тақырыбында сұқбаттар, арнайы репортаждар берілуде;
- Патрульдік полиция қызметкерлерімен дауыс күшейіткіш арқылы ескерту үнемі түрде жүргізіледі.
Сонымен қатар Instagram желісінде @Cyberpol_kzo атты парақша ашылып, онда облыс тұрғындарына алаяқтық қылмыстарының жаңа тәсілдері жөнінде және алаяқтардың арбауына түсіп қалмау жайлы бейнероликтер үнемі жарияланып, сақтық шаралары ескертілуде.