Талдықорғанда полицейлер оқушыларға УҰИ-ға экскурсия ұйымдастырды
Талдықорғанда полицейлер оқушыларға УҰИ-ға экскурсия ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жастарда құқықтық сана мен жауапкершілікті қалыптастыру үшін профилактикалық жұмыс жүргізу өте маңызды. Дәл осы мақсатта Талдықорған полицейлері қаладағы бес мектептің оқушылары үшін профилактикалық іс-шара ұйымдастырды. 100-ден астам оқушы уақытша ұстау изоляторына экскурсия жасап, құқық бұзушылық жасаған адамдардың ұстау жағдайын, заң бұзушылықтың салдарын өз көздерімен көре алды.
Іс-шараның мақсаты – өсіп келе жатқан ұрпаққа құқыққа қайшы әрекеттер үшін жазаға тартылудың нақты қырларын көрсету және заңды сақтаудың маңыздылығын түсіндіру болды. Экскурсия барысында оқушыларға қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктің ерекшеліктері туралы айтылып, көп жағдайда жауапкершілік 16 жастан басталатыны түсіндірілді. Алайда кәмелетке толмағандар арасында жиі кездесетін және салдары ауыр қылмыстар үшін жауапкершілік 14 жастан бастап белгіленгені ескертілді.
https://youtu.be/2joDjvpnPo0
Полиция қызметкерлері заңды бұзу қандай құқықтық салдарға әкелуі мүмкін екендігін толық түсіндіруге ерекше назар аударды. Жасөспірімдерге тіпті зиянсыз болып көрінетін кейбір әрекеттердің ауыр заңдық салдарға әкелуі мүмкін екені айтылды.
- Балалар бүгінгі таңда қабылдайтын шешімдерінің олардың болашағына тікелей әсер ететінін түсінуі маңызды. Заңды сақтау – бұл жеке қауіпсіздіктің кепілі ғана емес, сонымен қатар лайықты өмір сүруге мүмкіндік, – деп атап өтті іс-шара ұйымдастырушылары.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар балалардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға ғана емес, сонымен бірге олардың өзіне және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуіне ықпал етеді.