Көкшетауда полиция жасөспірімге қол жұмсаған тұрғынды тұтқындады
Көкшетауда полиция жасөспірімге қол жұмсаған тұрғынды тұтқындады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Көкшетау полиция басқармасының қызметкерлері 16 жастағы жасөспірімге дене жарақатын салу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Оқиға туралы хабарлама 26 қаңтарда жедел жәрдем қызметінен келіп түскен. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жанжал көп қабатты үйдің ауласында болған. Ер адам өз күшімен жасаған қар төбешігінің бұзылғанына ашуланып, жасөспірімге қол жұмсаған. Соққы салдарынан бала бет жарақатын алып, облыстық ауруханаға жеткізілді.
Полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу шараларын бастап кетті. Келтірілген жарақаттың ауырлығын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Полиция департаменті кәмелетке толмағандарға күш қолданудың заңсыз екенін және мұндай әрекеттерге жол бергендер міндетті түрде жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.
Құқық қорғау органдары азаматтарды жасөспірімдердің құқықтары мен мүдделерін құрметтеуге, қандай да бір даулы жағдайларды заң аясында шешуге шақырады.