Абай облысында 2,6 млн теңгеден астам алимент төлеуден жалтарған азамат ұсталды
Абай облысында 2,6 млн теңгеден астам алимент төлеуден жалтарған азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласы полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында алимент бойынша 2 млн 600 мың теңгеден астам қарызын төлеуден ұзақ уақыт бойы жалтарып жүрген 39 жастағы азаматтың мекенжайын анықтады.
Борышкер Семей қаласында жасырынған, осылайша отбасына қатысты қаржылық міндеттерін орындаудан жалтарып келген. Енді оның берешегін өндіріп алу ісімен сот орындаушылары айналысады.
Айта кетсек, қарыз төлеушілерді анықтау және жауапкершілікке тарту – көші-қон қызметінің маңызды бағыттарының бірі. 2024 жылы Абай облысы полиция департаментінің қызметкерлері алимент төлеуден жалтарғандар, салық төлемегендер және материалдық шығынды өтемегендер қатарынан 175 борышкерді анықтады.
Мұндай іс-шаралар әділдікті қалпына келтіруге және қарыз иелерінен зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Полиция азаматтарға қаржылық міндеттерін уақытылы орындау қажет екенін ескертеді, бұл мәжбүрлі түрде қарызды өндіріп алу секілді жағымсыз салдардың алдын алуға мүмкіндік береді.