Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында мүгедек қыздың телефонын ұрлап, несие ресімдеген

Ақмола облысында мүмкіндігі шектеулі қыз алаяқтың құрбаны болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бурабай ауданында мүмкіндігі шектеулі қыздың ұялы телефоны ұрланып, оның атына онлайн несие рәсімделді.

Зардап шеккен қыздың анасының айтуынша, II топтағы мүгедектігі бар 33 жастағы қызы 12 қаңтарда серуендеуге шығып, көп ұзамай байланысқа шықпай қалған. Кейіннен қыздың Қатаркөл ауылында белгісіз ер адаммен жүргені анықталды.

14 қаңтарда қызы анасына көліктері сынып қалғанын айтып, фотосурет жіберген. Алайда арада аз уақыт өткен соң онымен байланыс мүлдем үзілген. Белгілі болғандай, сол ер адам қыздың Samsung Galaxy A12 телефонын жымқырып, белгісіз бағытта жоғалып кеткен.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, тексеру жүргізуде. Тергеу барысында қаскүнемнің ұялы телефонды ғана емес, мобильді банкингке кіру деректерін де иемденгені белгілі болды. Ол алаяқтық жолмен қыздың шотынан 201 755 теңге көлемінде несие рәсімдеп, қаражатты өз пайдасына жаратқан.

Зардап шеккен қыздың анасы бірден полицияға арыз жазды. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр.

Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады.Б ейтаныс адамдарға ұялы телефоныңызды, әсіресе банк қосымшаларына қолжетімділікті бермеңіз.

Смартфон мен мобильді банкингке күрделі құпия сөз орнатып, екі факторлы аутентификацияны қосыңыз. Егер телефоныңыз жоғалса немесе ұрланса, банк қосымшаларын дереу бұғаттап, қаржыңызды қорғау үшін банкке хабарласыңыз.

Жақындарыңызға, әсіресе қарт адамдар мен мүгедектігі бар азаматтарға интернет алаяқтарының айла-амалдары туралы түсіндіріңіз.

Құқық қорғау органдары тұрғындарды өз мүлкіне мұқият қарауға шақырып, алаяқтардың құрбаны болмас үшін сақтық шараларын ескеруді ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру