ІІМ "Динамоның" 100 жылдығына орай тәртіп сақшылары арасында ерекше акция жариялайды
Биыл "Динамо" қазақстандық дене шынықтыру-спорт қоғамы өзінің ғасырлық мерейтойын атап өтуде. Осыған орай Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ІІО қызметкерлерінің арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған "Спортта да, қызметте де қадам сайын алға" акциясын бастайды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Акцияның негізгі міндеті - ІІО қызметкерлерінің күнделікті 10 000 қадамды орындауы. Бұл физикалық дайындықты жақсартып қана қоймай, қызметтік міндеттерді тиімді орындау үшін салауатты өмір салтын сақтауға көмектеседі.
Қатысушылар өз нәтижелерін мобильді қосымшалар немесе қадам есептейтін құрылғылар арқылы бақылай алады. Акция аясында бөліністердің рейтингі жасалып, үздік қызметкерлер марапатталатын болады.
Бұл бастама командалық рухты нығайтуға, бәсекеге қабілеттілікті қалыптастыруға және ұжымдар арасында ұйымшылдықты арттыруға мүмкіндік береді.
"Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамы білікті спорт кадрларын дайындайтын "қара шаңырақ" ретінде танылған. Еліміздің ұлттық құрамасының 80%-ы "Динамо" тәрбиеленушілерінен құралған. 100 жыл ішінде аталмыш ұйым жүздеген спорт шеберлері мен чемпиондарды дайындады.
ІІМ барлық қызметкерлерді акцияға белсенді қатысуға, өз денсаулықтарын нығайтып, кәсіби деңгейлерін арттыруға шақырады.