Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Зергерлік дүкеннен алтын бұйымдар ұрлаған елордалық қолға түсті

Астанада зергерлік дүкеннен алтын бұйымдар ұрлаған ер адам анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Елордада зергерлік дүкендерден алтын бұйымдарды жымқырған күдікті анықталды.

Полицияға қала тұрғыны жүгініп, белгісіз біреудің сауда үйлеріндегі зергерлік дүкендерден алтын бұйымдарын ұрлап кеткенін хабарлаған.

Оқиға елордадағы сауда орталықтарының бірінде орын алған. 53 жастағы ер адам зергерлік бұйымдар сататын бутиктердің біріне кіріп, сатушыдан сақиналарды көрсетуді сұраған. Таңдаған бұйымдарын мұқият қарап шыққан соң, ол сатушыны түрлі әңгімемен алдап, алтын сақиналарды жымқырып, қылмыс орнынан бой тасалаған. Келтірілген материалдық шығын 315 мың теңгеден асты. Ұрланған бұйымдарды күдікті ломбардқа өткізіп, түскен қаржыны өз қажетіне жұмсаған.

Нұра ауданының ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында бейнебақылау камераларының көмегімен күдіктіні анықтап, ұстады. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ, оның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Астана қаласы полиция департаменті сауда орындарының иелеріне қырағы болуды ескертіп, дүкендерді ұрлықтан қорғау бойынша қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру