Қызылордада такси жүргізушісіне шабуыл жасаған екі күдікті құрықталды
Қызылордада такси жүргізушісіне шабуыл жасаған екі күдікті құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері такси жүргізушіге қарақшылық шабуыл жасаған екі күдіктіні анықтап, қолға түсірді. Белгілі болғандай, қаскүнемдер такси тоқтатып, өздерін қала орталығына апарып тастауын сұраған. Жүргізуші оларды айтылған жерге бағыт алған уақытта автокөлік салонының артында отырған біреуі оны ұрып-соққан.
Жүргізушінің телефонын, қолда бар ақшасын тартып алып, далаға лақтырып кеткен. Өздері автокөлікті қала сыртына тастап, оқиға орнынан "іздерін суытқан". Қылмыскерлерді ұстау бойынша арнайы жоспар енгізілді. Нәтижесінде полицейлер Шымкент қаласының жедел қызметкерлерімен бірлесіп, жедел іс-шара жұмыстарын жүргізу барысында екі күдіктіні ұстады.
Олар Алматы облысының тұрғындары болып шықты. Күдіктілер қамауға алынып, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.