Терезені сындырып кірген: Астанада ұрлық жасаған күдікті құрықталды
Астанада полиция қызметкерлері пәтер ұрлығын әшкереледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Байқоңыр ауданы ПБ қызметкерлері пәтерден мүлік ұрлаған 37 жастағы ер адамды анықтады. Белгілі болғандай, ол кіреберіске кіріп, есіктерді қағып, іште тұрғындардың бар-жоғын тексерген. Бірінші қабаттағы пәтерде ешкімнің жоқ екеніне көз жеткізген соң, терезені сындырып, ішке кірген. Пәтерден телефон, ақша, ноутбук, қара сөмке және банк карталарын ұрлап кеткен. Кейін есіктен шығып, оқиға орнынан жасырынған.
Келтірілген жалпы шығын шамамен 1 миллион теңгені құрады.
Ұрлық жасалған кезде пәтер иелері қонақта болғаны анықталды. Құқық қорғау органдары айғақты заттарды тәркілеп, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Ер адам Астана қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.