Түркістан облысында еріктілер полицейлерге есірткіге қатысты 5 қылмысты ашуға көмектесті
Түркістан облысында еріктілер полицейлерге есірткіге қатысты 5 қылмысты ашуға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қаласында полиция мен жастар бас қосты. Мақсат — есірткі қылмысына тосқауыл қою, қоғам назарын оның зардабы мен қауіп-қатеріне аудару.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастамасымен ювеналды полиция, "Жастар ресурстық орталығының" еріктілері, қоғамдық даму басқармасы, сондай-ақ қызметтік ит пайдалана отырып, теміржол вокзалында профилактикалық шара өтті. Полицейлер мен жастар жолаушыларға үн парақшалар таратып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар арнайы құрылған топ қазақ-түрік университетінің жатақханасында "ESIRTKIGE JOL JOQ" тақырыбында жұмыс істеп, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Айта кетсек, облыста полицейлермен қоғамдық көмекші ретінде 619 ерікті қызмет атқарады. Өткен жылы аталмыш волонтерлармен 2710 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 123 қылмыс ашылған. Оның ішінде есірткіге қатысты 5 қылмыс бар.