Қостанайда полиция "102" қосымшасы арқылы 400-ге жуық өтініш қабылдаған
Былтыр Қостанайда полиция "102" қосымшасы арқылы 400-ге жуық өтініш қабылдаған, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы жылдары Қазақстанда цифрлық технологияларды енгізу үдерісі қарқынды дамып келеді. Бұл үрдіс түрлі салаларда, соның ішінде құқық қорғау жүйесінде де оң нәтижесін көрсетуде. Соның айқын дәлелі – Қостанай полициясының азаматтардан өтініш қабылдауға арналған "102" мобильді қосымшасын тиімді пайдалануы.
Аталған қосымша Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі тарапынан "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы аясында 2021 жылы іске қосылған. Оның көмегімен Қостанай тұрғындары құқық бұзушылықтар туралы полицияға бейне және аудио қоңыраулар шалып, сондай-ақ мәтіндік хабарламалар жіберуге мүмкіндік алды. Бұл полициямен байланыс орнату үдерісін айтарлықтай жеңілдетіп, құқық бұзушылықтар туралы жедел хабарлауға жағдай жасады.
Қосымшаның басты артықшылықтарының бірі – полиция операторына оқиға орнын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беруі. Бұл жедел әрекет етуге, қоңырау шалушының орналасқан жерін бірден анықтауға, нәтижесінде қажетті шараларды шұғыл қабылдауға жол ашады. Сонымен қатар "102" мобильді қосымшасы тәртіп сақшыларының оқиғаларға жедел жауап беруін қамтамасыз етіп, мәселелерді тиімді шешуге көмектесуде.
2024 жылы Қостанай облысының полициясы "102" қосымшасы арқылы 400-ге жуық өтініш қабылдады. Олардың басым бөлігі – көлік тұрақтау ережелерін бұзу фактілеріне қатысты. Осы қосымшаның көмегімен өткен жылы 100-ден астам жүргізуші көлігін тротуарға, көгалға және ойын алаңдарына қалдырғаны үшін жауапқа тартылған.
Сонымен қатар қосымша арқылы басқа да құқық бұзушылықтар тіркелген. Атап айтқанда жүргізушілердің апатты жағдай тудыруы, бағдаршамның рұқсат етілмеген түсіне өтіп кетуі, абаттандыру ережелерін сақтамау сияқты заң бұзушылықтарға қатысты өтініштер көптеп түсуде.
2025 жылдың басынан бері қостанайлықтар бұл қосымшаны белсенді түрде пайдалануды жалғастыруда. Тек қаңтар айында 50-ден астам өтініш тіркеліп, бұл тұрғындардың "102" мобильді қосымшасына деген сенімінің артқанын көрсетті.
Құқық қорғау органдарын цифрландыру полиция қызметінің жеделдігі мен тиімділігін арттырып қана қоймай, азаматтар мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға да ықпал етеді.
"102" мобильді қосымшасы – технологияның қоғам игілігі үшін қызмет ететінін дәлелдейтін айқын мысал. Ол "ақылды" қаланы қалыптастырудың кезекті қадамы ретінде әрбір азаматқа өз қауіпсіздігі мен қоршаған ортадағы тәртіпті сақтауға тікелей үлес қосуға мүмкіндік береді.