Маңғыстауда полиция 44 келі бекіре балығын тәркіледі
Маңғыстауда полиция 44 келі бекіре балығын тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 ақпанда Маңғыстау облысы полиция департаментінің табиғатты қорғау полиция қызметкерлері Форт-Шевченко – Таушық автожолында Toyota Prado көлігін тоқтатты. Көлікті тексеру барысында жүк салғыштан жалпы салмағы 44 келі болатын Қызыл кітапқа енген 15 бекіре балығы, сондай-ақ аңшылық қару-жарақ, оқ-дәрілер және үйрек еттері табылды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәркіленген балық “Kazakh Osetr” ЖШС-ға берілді. Күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды.
Маңғыстау облысы полиция департаменті сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарларды заңсыз аулау мен айналымына тыйым салынғанын және мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Азаматтарды осындай құқық бұзушылықтар туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.
ҚР ҚК-нің 339-бабы 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды немесе мүлкін тәркілей отырып, үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.