Елордада полицейлер жоқ үйлерді жалға берумен айналысқан әйелді ұстады
Елордада полицейлер жоқ үйлерді жалға беру арқылы алаяқтық жасаған әйелді ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында интернет арқылы жоқ үйлерді жалға беріп, алаяқтық жасаған 29 жастағы азаматшаны қолға түсірді.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті Krisha.kz сайтында жалған хабарландырулар орналастырып, Астана, Алматы қалаларында және "Бурабай" демалыс базасында пәтерлер мен үйлерді жалға беремін деп уәде еткен. Ол жәбірленушілермен хат алмасу барысында сенімге кіріп, алдын ала төлем жасауды сұраған. Алайда ақша түскеннен кейін пәтер иесімен байланыс үзіліп, азаматтар алданып қалған.
Жедел іс-шаралар нәтижесінде күдікті ұсталып, өзінің кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, оның бес алаяқтық эпизодқа қатысы бары анықталды.
Полиция тұрғындарды сақ болуға, кез келген қаржылық операция жасамас бұрын ақпаратты мұқият тексеруге шақырады. Егер сіз алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, тез арада полицияға хабарласуыңызды сұраймыз.