Жетісу облысы ПД-ның музейінде МКҚБ қызметкерлеріне экскурсия ұйымдастырылды
Жетісу облысы ПД-ның музейінде МКҚБ қызметкерлеріне экскурсия ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция департаментінің музейінде Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы қызметкерлеріне мазмұнды экскурсия өткізілді. Бұл орын өңірдің құқық қорғау жүйесінің қалыптасу тарихын сақтап, Ұлы Отан соғысы мен милитаристік Жапонияға қарсы соғыстың батыры, милиция генерал-майоры Әбдіқадыр Болсамбековтың есімін иеленген.
Экскурсия барысында МКҚБ қызметкерлері музейдің бірегей экспонаттарымен танысты. Олардың қатарында генералдың салтанатты формасы, марапаттары және сирек кездесетін мұрағаттық материалдар бар. Әр залда Жетісу полициясының 1917 жылдан бүгінгі күнге дейінгі даму кезеңдері көрсетілген. Қонақтар алғашқы милиционерлер, соғысқа қатысушылар, мемлекеттік наградалармен марапатталған қазіргі заман қаһармандары және құқық қорғау саласына ықпал еткен маңызды оқиғалар жайлы мағлұмат алды.
Экскурсия барысында Болсамбековтер әулетінің тарихи мұраны сақтаудағы рөліне ерекше назар аударылды. Экскурсияны музей меңгерушісі, даңқты генералдың қызы Мәдина Болсамбекова жүргізді.
— Біз Отанға қызмет етіп, жаңашыл әрі маңызды істер атқарған жандарды әрдайым құрметпен еске аламыз. Олардың ерлігі мен жетістіктері жадымызда мәңгі сақталып, дәстүрлерді қалыптастырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтады, — деп атап өтті экскурсия қатысушылары.
Шара соңында қонақтар Мәдина Болсамбековаға қызықты әңгімесі, тарихи мұраға деген құрметі және болашақ ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін алғыстарын білдірді.