Қайсар Сұлтанбаев әкімшілік кодекске енгізілген өзгерістер туралы айтып берді
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген жаңалықтардың заң және тәртіпті қамтамасыз етудегі маңызы туралы Polisia.kz сайтының журналисіне берген сұхбатында егжей-тегжейлі айтып берді.
– Қайсар Әбілекұлы, қаңтар айында әкімшілік кодекске өзгерістер енгізілді. Азаматтарды қандай өзгерістер күтіп тұр?
– Қайырлы күн! Бүгінгі басты қағида – заң және тәртіп. Бұл барлық қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты талап. Осыған байланысты, ішкі істер министрі биылғы жылды «Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіп күзетінде» деп жариялады. Негізгі мақсат – қылмыстардың алдын алу, олардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою. 10 қаңтарда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске бірқатар түзетулер енгізілді. 13 наурыздан бастап заңды күшіне енгеннен кейін кодекстің қоғамдық және жол қауіпсіздігі салаларын қозғайтын бірқатар баптары бойынша санкциялар өзгереді. Бұл түзетулер ең алдымен профилактикалық бағытта жасалып жатыр.
– Кодексте қандай жаңа баптар пайда болады?
– Енді автокөліктің қозғалысы кезінде оның кабинасынан денесін шығарғаны үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұрын мұндай норма болмаған. Бітіру кештері мен үйлену тойларында көптеген адамдар өздерінің қауіпсіздігіне мән бермей, осындай әрекеттерді жасайды. Енгізілген норма жолаушыларды тасымалдау кезінде өмір мен денсаулықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Айта кететін жайт, бұл ретте жауапкершілікке жолаушы мен жүргізуші тең дәрежеде тартылады. Сонымен қатар заңнамадағы олқылықтарды жою мақсатында автокөлікті басқару құқығынан айыру талаптары қолданылмайтын тұлғаларға да қарсы жолаққа шыққаны үшін жауапкершілік енгізілді. Енді мұндай құқық бұзушыларға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұдан бөлек, теміржолдардағы жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін теміржол өткелдеріндегі жүру ережелерін бұзғаны үшін айыппұл 10-нан 20 АЕК-ке өсті. Теміржолдардың бөлінген белдеуінде мал жайғаны үшін жауапкершілік күшейтілді – «ескерту» алынып тасталды. Теміржол – қауіптілігі жоғары аймақ. Мұнда жөнсіз әрекеттер адамның өзіне ғана емес, пойыз жолаушыларының өміріне де қауіп төндіруі мүмкін.
– Ал қандай жағдайларда жауапкершілік жеңілдетіледі?
– Жеке құрамдар бойынша шамадан тыс репрессияны болдырмау үшін біз адамдардың өмірі мен денсаулығына айтарлықтай әсер етпейтін позициялардағы жауапкершілікті дәйекті түрде жеңілдетеміз. Мысалы былтыр біз күндіз автокөлік шамдарын жақпаған жүргізушілер үшін айыппұлдың орнына ескерту енгіздік. Сондай-ақ осы заңда ақылы тұрақтарды пайдаланғаны үшін төлемді уақытылы төлемегендерге айыппұл 3-тен 1 АЕК-ке дейін, қайталағаны үшін – 5-тен 2 АЕК-ке дейін үш есеге төмендетілді. Бұл ретте борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тартпас бұрын оны қызмет үшін төлеу қажеттігі туралы алдын ала хабардар ету туралы жұмыс тобына ұсыныс енгізілді.
– Осы Заң қолданысқа енгізілсе полиция қызметінде қандай өзгерістер болады?
– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді ZOOM, WhatsApp және басқа да мобильді қосымшалар арқылы құқық бұзушымен байланыса отырып, қашықтан қарауға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілді. Бұл полиция қызметкерлерінің уақытын тиімді пайдалануға және оны қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтарға көмектесу, олардың өмірі мен денсаулығын қорғау міндеттерін орындауға бағыттауға мүмкіндік береді. Айта кету керек, көрінеу жалған қоңырау үшін айыппұл 30-дан 60 АЕК-ке дейін өсті. Сондай-ақ жедел және арнаулы қызметтер көліктерінің қозғалысына жол бермегені үшін айыппұл 7-ден 20 АЕК-ке дейін өсті. Осы баптар бойынша қайта құқық бұзушылықтар жасаған болса, айыппұлдың өсуінен басқа, балама ретінде тиісінше 40 және 20 сағатқа қоғамдық жұмыстар енгізілді. Түзетулер азаматтарға жедел көмек көрсетуді тиімдірек қамтамасыз ету үшін жасалды. Жалған шақыртулардың кесірінен мамандардың уақыты мен күш-жігері далаға кетеді, ал бұл уақытта басқа бір адамға шынымен көмек қажет болуы мүмкін. Арнайы көлікке, әсіресе жедел жәрдем көлігіне жол бермеу біреудің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі ықтимал. Осы қызметтердің бір сәтке болсын кешігуі қайғылы салдарға әкелуі мүмкін екенін түсіну керек.
– Қазір қоғам мас күйінде көлік басқарғаны үшін жүргізу құқығынан айыру мерзімін қысқарту мүмкіндігін талқылауда. Сіздің ұстанымыңыз қандай?
– Шынында да біздің министрлікке осы мәселе бойынша көптеген ұсыныстар келіп түседі. Алайда мас күйде көлік басқарғаны үшін жауапкершілікті жеңілдетудің қажеті жоқ. Ешкім басқа адамдардың өміріне қауіп төндіруге құқылы емес. Мас күйде көлік жүргізгені үшін әлдеқайда қатал жаза қолданылатын мемлекеттер бар. Мысалы Жапонияда мас жүргізушіге ірі көлемде айыппұл салынып, түрмеге жабылады. Бұл ретте мас жүргізушімен сапарға келіскен жолаушыларға да айыппұл салынады. Малайзияда мас күйде көлік жүргізгені үшін отбасылық жауапкершілік қарастырылған, онда мас жүргізушілермен бірге олардың жұбайлары да қамауға алынуы мүмкін. АҚШ-тың Иллинойс штатында өмір бойы жүргізуші куәлігінен айыру, бас бостандығынан айыру және айыппұл қарастырылған. Беларусь елінде алкогольді қайта тұтынған кезде жүргізушінің көлігі тәркіленіп мемлекет кірісіне сатылады. Бұл ретте жүргізуші көліктің иесі болып табыла ма, жоқ па маңызды емес. Қытайда бес жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылады. Алайда егер мас күйде көлік жүргізу салдары апатқа алып келсе, жүргізуші өлім жазасына кесіледі. Осылайша, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, Қазақстанда «мас күйде» көлік басқарғаны үшін жауапкершілік аса ауыр емес деп айтуға болады. Қазір белгіленген жауапкершілік – тиімді алдын алу шараларының бірі. Ол аталған заң бұзушылықтың ауырлығына сәйкес келеді және жол апатының алдын алады.
– Қазақстан азаматтарына не айтар едіңіз?
– Осы мүмкіндікті пайдаланып, мен азаматтарды заңдарды бұзбауға шақырғым келеді, өйткені әр әрекеттің өзіндік салдары бар, олар кейде қайғылы болуы мүмкін. Қоғамның өзі полициядан тәртіпті талап етеді, бірақ бірлескен күш-жігермен ғана біз оған қол жеткізе аламыз.