Абай облысы ПД жолдарды тазалау және қарды шығару бойынша 345 ұйғарым берді
Абай облысының полициясы қарды уақтылы шығаруға шақырады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қысқы кезеңнің басталуымен Абай облысы полиция департаменті жолдарды тазалау және қарды шығару бойынша 345 ұйғарым берді. Бұл шаралардың нәтижесінде өңір көшелерінен 83 834 текше метр қар шығарылды.
Су тасқынының алдын алу, қардың шамадан тыс еруі мен жолдардың, көпірлердің және басқа да жасанды құрылыстардың бұзылуына жол бермеу үшін коммуналдық қызметтер еріген судың ағуын дұрыс ұйымдастырып, су ағатын арналарды уақтылы тазартуы қажет.
Сонымен қатар, облыс қалалары мен елді мекендерінің абаттандыру қағидаларына сәйкес, ғимараттар мен құрылыстардың меншік иелері, сондай-ақ жер учаскелерін жеке меншік немесе жалдау құқығымен иеленетін жеке және заңды тұлғаларға өздеріне қарасты аумақтарды күтіп-ұстау міндеті жүктелген.
Абай облысы полиция департаменті ғимараттар мен құрылыстардың меншік иелерін іргелес аумақтардан қарды мүмкіндігінше тезірек шығаруды ұйымдастыруға шақырады. Бұл тек заң талабы ғана емес, сонымен қатар жолдардың, көлік қозғалысының және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі.