Ақтөбеде есірткіге мас күйде өзгенің көлігін айдап кеткен күдікті ұсталды
Ақтөбеде есірткіге мас күйде өзгенің көлігін айдап кеткен күдікті ұсталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.Polisia.kz.
3 ақпанда Ақтөбе қаласында Ақжар-2 тұрғын алабы ауданында жеке үйдің ауласынан Hyundai Elantra автокөлігі ұрланды. Иесі кілтті көліктің ішінде қалдырып кеткен.
Оқиғадан кейін көп ұзамай патрульдік полиция қызметкерлері көршілес аудандардың бірінен ұрланған көлікті байқап, оның ізіне түседі. Жасырынуға тырысқан көлік жүргізушісі автокөлік рөлін басқара алмай, жол жиегіндегі терекке соқтығысты.
Полицейлер күдіктіні ұстады, жүргізілген сараптама оның есірткіге масаң күйде екенін көрсетті.
Қазіргі уақытта автокөлікті ұрлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары жүргізіліп жатыр.
Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталады.