Қызылорда облыстық ПД бастығы жедел кеңес өткізді
Қызылорда облысы ПД бастығы Серік Ергешовтің төрағалығымен жедел кеңес өтіп, биылғы жылдың 2 айындағы жедел-қызметтік жұмыстың нәтижесі қаралды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алдын алу жұмыстарын күшейту нәтижесінде қылмыс деңгейі айтарлықтай азайып, қазіргі уақытта өңірдегі криминогендік ахуал тұрақты. Бұл кешенді әрі уақытылы қабылданған шаралардың нәтижесі. Бүгінгі департамент бастығының төрағалығымен өткен кеңесте атқарылған жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы мен жеке құрам арасындағы тәртіптің, заңдылықтың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жай-күйі талқыланды.
Кеңес барысында ПД бастығы “Заң мен тәртіп” қағидатын орнықтыру, кез келген құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік жағдайын қалыптастыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарға жіті тоқталды.
Бұдан бөлек кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысқа қарсы күресті күшейту, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл және есірткі қылмысына қарсы күрес мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Серік Ергешов қазіргі уақытта алаяқтық, интернет-алаяқтық қылмыстарының жұртты алаңдатып отырғандығын да айтты. Президент интернет-алаяқтыққа қарсы шараларды күшейтуді тапсырды. Бүгінгі күнге алаяқтықтың алдын алу мен болдырмау бағытында Қызылорда облысы полиция департаменті кешенді іс-шаралар атқарып келеді. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы облыстың тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, алаяқтардың арбауына түсіп қалмау жайлы қандай сақтық шараларын сақтау керектігі түсіндірілуде.
Сонымен қатар кеңес барысында полицияның жұмысын жақсарту, ішкі істер органдарын цифрландыру, полицияны халыққа жақындату, оң имиджін нығайту, халықты жан-жақты және шынайы ақпараттандыру, полиция қызметін жетілдіру бағытындағы шаралар жөнінде де сөз қозғалды.
Департамент бастығы кейбір қызмет салаларының жұмысына қатысты сын-ескертпе айтып, бүгінгі таңда тек халықтың сенімін арттыруға ғана басымдық берілуі тиіс екендігін басып айтты.
- Барлығыңызға белгілі жыл басынан еліміз бойынша полицейлердің қабілеттілігін анықтайтын рейтинг енгізілді. Бұл рейтингте олардың қызмет нәтижелері ескеріледі. Бұл ашықтықты қамтамасыз етеді. Тиісінше ашықтық полицияның халық сеніміне ие болуына көмектеседі. Сондықтан да әрбір қызметкер жұмыс сапасын жетілдіру шараларына аса мән беруі қажет, - деді С.Ергешов.
Кеңес қорытындысы бойынша ПД бастығы жедел-қызметтік жұмыстарды қорытындылап, алдағы уақытта бұл жұмыстардың тиімділігін арттыру бойынша нақты шараларды белгіледі.
Бүгінгі жедел кеңесте қызмет басшыларына берілген тапсырмалардың орындалуын департамент бастығы ерекше бақылауға алды.