СҚО-да полиция екі тұрғыннан қару тәркіледі
Солтүстік Қазақстан облысындағы аудандардың бірінде СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері ҚР ІІМ криминалдық полиция департаментімен бірлесіп мақсатты жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде иір ұңғылы қаруды заңсыз сақтау фактісін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұрын ұрлық, айдап әкету және қарақшылық үшін бірнеше рет сотталған 35 жастағы ауыл тұрғынынан тәртіп сақшылары ТТ тапаншасын және әртүрлі қару түрлеріне арналған 30-ға жуық оқ-дәрі тәркіледі.
Ер адамның айтуынша, ол қаруды тауып алып, өзіне қалдыруды жөн көрген. Қазіргі уақытта ол қамауға алынды, тапанша сараптамаға жіберілді. Полицейлер қарудың қылмыстық мақсаттарға қатысы бар-жоғын анықтайды.
Ал күдіктінің ауылдасы мен құрдасынан полицейлер ИЖ-18Е дара ұңғылы шолақ мылтығы пен оған арналған 8 патрон тапты. Шолақ мылтықты сақтағаны үшін де қылмыстық жауапкершілік көзделген. Күдіктілер ірі мөлшердегі айыппұл төлеуі немесе 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Полицейлер ескерткендей, қаруды ерікті түрде тапсыру ғана оны заңсыз сақтау үшін көзделген қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатады.