Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Өскеменде “Жас сақшы” сыныбы ашылды

Өскемен қаласындағы №47 орта мектепте “Жас сақшы” жас кадеттер сыныбының салтанатты ашылуы өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Ол 7 “В” сыныбынан құралып, қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан полиция капитаны Мұрымбаев Жалелхан Слямханұлының есімімен аталды.

Салтанатты іс-шараға Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Манапов, ІІО ардагерлер кеңесінің өкілдері, қаза тапқан офицердің туыстары, оның жары мен әкесінің жолын жалғастырған және қазіргі уақытта полиция қатарында қызмет ететін ұлы, сондай-ақ оқушылардың ата-аналары мен мектеп ұжымы қатысты.

— Бүгін сіздер Отанға қызмет ету және құқықтық тәртіпті қорғау дәстүрінің бір бөлігіне айналып отырсыздар. Полиция капитаны Мұрымбаев Жалелхан Слямханұлы азаматтардың қауіпсіздігі жолында өмірін қиды, және біз оның есімі кадет сыныбына беріліп, оның ерлігі мен адалдығы өскелең ұрпаққа үлгі болып жатқанын мақтан тұтамыз. Бұл қадам сіздердің абырой, ерлік және әділдікке негізделген мамандыққа бастар жолдарыңыздың негізі болсын, — деді өз сөзінде Серік Тоқтарханұлы жас кадеттерді маңызды мерекемен құттықтап.

Айта кетейік, кадет сыныбының ашылуы әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға, оқушылардың кәсіби бағдарын анықтауға, сондай-ақ олардың болашақ мамандығын таңдауға көмек көрсетуге бағытталған. Жас сақшылар үшін құқық қорғау қызметі, алғашқы әскери дайындық және алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша арнайы қосымша және факультативтік сабақтар әзірленген. Оларды білікті мамандар, оның ішінде полиция қызметкерлері де жүргізетін болады.

Сыныптың ашылуы салтанатты түрде өтті: мемлекеттік гимн орындалғаннан кейін кадеттер саптық дайындық бойынша өз шеберліктерін көрсетіп, музыкалық нөмірлер дайындады. Жиналғандар ерекше қызығушылықпен жылдам қимылдайтын арнайы жасағы (ЖҚАЖ) сарбаздарының көрсетілімін тамашалады, онда олар қол күресі әдістері мен тактикалық дайындық элементтерін көрсетті. Іс-шараның ең қызықты сәті – кадеттердің ант қабылдауы, содан кейін оларға куәліктері табысталған сәті болды.

7 “В” сыныбының оқушылары үшін арнайы полиция формасына ұқсас киім үлгісі әзірленіп, тігілді. Жас кадеттер сыныбының кабинеті арнайы көрнекі құралдармен және заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген, бұл болашақ құқық қорғаушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасайды.

Шара қонақтары кадеттерді осындай маңызды оқиғамен құттықтап, олардың болашақта елінің лайықты азаматтары болып, қоғам игілігі үшін қызмет ететініне сенім білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру