Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында биыл 800-ге жуық жаяу жүргінші жол қозғалысы ережелерін бұзған

Абай облысында жыл басынан бері 781 жаяу жүргінші жол қозғалысы ережелерін бұзған, — деп хабарлайды Polisia.kz.

2025 жылдың басынан бері Абай облысында жолдың жүру бөлігін кесіп өту кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 781 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 3,5 миллион теңгені құрады.

Жолды белгіленбеген жерден кесіп өту – жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып қала беруде. Жаяу жүргіншінің жолдың жүру бөлігіне кенеттен шығуы апаттық жағдай тудырып, соқтығысулар мен қағып кетулерге әкелуі мүмкін. Мұндай жол-көлік оқиғаларында көбінесе жаяу жүргіншілердің өздері және басқа да жол қозғалысына қатысушылар зардап шегеді.

Абай облысының полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Инспекторлар көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде патрульдеу жұмыстарын жүргізіп, азаматтармен түсіндіру әңгімелерін өткізіп, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.

Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабына сәйкес, жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен жағдайда 2 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған, бұл 2025 жылы 7 864 теңгені құрайды. Егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 10 АЕК-ке дейін өседі.

Полиция департаменті азаматтарды жолда барынша мұқият болып, белгіленген жаяу жүргіншілер өткелдері мен бағдаршамдарды пайдалануға, сондай-ақ көру шектелген жағдайда жолды кесіп өту кезінде аса сақ болуға шақырады.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру