15 млн теңге жымқырған алаяқ алты жылға сотталды
15 млн теңге жымқырған алаяқ алты жылға сотталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараз қаласының тұрғыны өзінің танысын оңай олжамен қызықтырып, 15 миллион теңгесінен айырды. Ол апатты жағдайда тұрған ғимаратты қайта рәсімдеп, жекешелендіріп беруге уәде етіп, жәбірленушінің сеніміне кірген.
Қолма-қол санап берген қомақты қаражаттан кейін, күдікті түрлі сылтаулар айтып, жеті ай бойы танысын сендіріп келген. Алайда уақыт өте келе ғимараттың мүлде басқа адамның атына рәсімделіп кеткенін естіген жәбірленуші құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр болды.
Жүргізілген тергеу нәтижесінде алаяқтың қылмысы дәлелденіп, сот үкімімен ол алты жылға бас бостандығынан айырылды. Енді ол жазасын қауіпсіздігі аралас мекемеде өтейді. Сонымен қатар сот шешімі бойынша жымқырылған 15 миллион теңгені, 3,5 миллион теңге тұрақсыздық айыбын және сот шығындарын өтеп беру міндеттелді.