Семейде полицейлер әскери-техникалық мектеп курсанттарымен кездесті
Семей қаласында полицейлер әскери-техникалық мектеп курсанттарымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық полиция департаментінің тәрбиелік және кадр жұмысы басқармасының қызметкерлері арнайы жедел әрекет ету жасағының сарбаздарымен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне қарасты Әскери-техникалық мектебі Семей қалалық филиалының курсанттарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында полиция өкілдері жастарға Ішкі істер министрлігі жүйесінің жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндіктері туралы баяндап берді. Әсіресе, арнайы бөлімшелерге, соның ішінде жедел әрекет ету жасағына қабылдау мәселесіне ерекше назар аударылды. Курсанттар кандидаттарға қойылатын талаптар, іріктеу кезеңдері және осындай элиталық бөлімшелерде қызмет ету жолындағы келешек мүмкіндіктер туралы мол мағлұмат алды.
Мұндай кездесулер жастардың құқық қорғау органдарындағы қызметке деген қызығушылығын арттырып, полицей мамандығына құрметпен қарауға және биік мақсаттарға ұмтылуға ынталандырады.
Полиция өкілдері курсанттардың дайындық деңгейін жоғары бағалап, оқу орнымен одан әрі тығыз ынтымақтастық жалғасады деген сенім білдірді.