Атырауда нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған кеңес құрылды
Атырау облысында нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған жаңа кеңес құрылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл бастама – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отыр.
Атырау облысы полиция департаменті жанынан құрылған қоғаммен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтіп, онда жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және есірткі құралдарының таралуына жол бермеу бағытындағы алдын алу шараларын күшейту мәселелері талқыланды.
Кеңестің төрағасы болып Атырау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықов бекітілді. Ал кеңес төрағасының бірінші орынбасары лауазымына Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлішер Нұршаев, екінші орынбасары ретінде Атырау облыстық мәслихаты аппаратының тұрақты комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Даралиев тағайындалды.
Жиын барысында Құттыбай Садықов нашақорлықпен күрес – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Осы орайда, алдын алу бағытындағы жұмыстарды үйлестіріп, жүйелі түрде жүргізудің маңызына ерекше тоқталды.
Жастарды зиянды әдеттерден арашалап, олардың бойында дұрыс өмірлік құндылықтарды қалыптастыру – кеңес жұмысының басты бағыты. Бұл кеңестің құрылуы – есірткіге қарсы күреске тың серпін беріп, қоғамның белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.