Елордада жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыруға бағытталған шаралар жалғасуда
Астанада жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған іс-шара жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында "Жасөспірім" жедел алдын алу іс-шарасы жүргізіліп жатыр.
ЖААІШ барысында кәмелетке толмағандардың заңды өкілінсіз түнгі уақытта қоғамдық орындарда жүру фактілері анықталды. Нақтырақ айтқанда, 300-ден астам жасөспірімнің сағат 23:00-ден кейін көшеде жүргені белгілі болды. Сонымен қатар ойын-сауық орындары, саябақтар мен скверлер тексеріліп, қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу шаралары қабылданды.
Айта кетейік, елордада жыл басынан бері 250-ден астам профилактикалық дәріс өткізіліп, оқушылар мен ата-аналарға құқықтық тәрбие мен заң талаптары туралы кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аталған алдын алу шаралары жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, олардың құқық бұзушылыққа бару деңгейін төмендетуге бағытталған.