Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көкшетауда отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды

Көкшетауда отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

7 сәуірде Көкшетау қаласында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңесі өтті.

Іс-шараға Ақмола облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған құрылымының жетекшісінің міндетін атқарушы Д. Мұғжанова төрағалық етті.

Кеңес жұмысына құқық қорғау және қадағалау органдарының, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау салаларының, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар қатарында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақмола облысы бойынша өкілі Г. Жанбекова, ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор А. Дәуенова, "Аналар үйі" қоғамдық бірлестігінің басшысы К. Жұмабекова, сондай-ақ денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының мамандары мен тәжірибелі психологтар болды.

Кеңесте құқық бұзушылыққа бейім азаматтарды қайта әлеуметтендіру жолдары, отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясындағы заң бұзушылықтарға жедел әрекет ету механизмдері мен мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл алгоритмі талқыланды.

Кездесуге қатысушылар өңірдегі қазіргі ахуалға алаңдаушылық білдірді. Полиция деректеріне сүйенсек, әлеуметтік жағдайы төмен 700-ден астам ата-ана мыңнан аса баланы тәрбиелеп отыр. Ал жұмыспен қамту органдары тек 133 отбасыны ресми түрде өмірлік қиын жағдайдағы отбасы деп таныған, іс жүзінде бұл көрсеткіш бұдан әлдеқайда жоғары.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың басты себептерінің бірі – жұмыссыздық пен әлеуметтік қиындықтар салдарынан туындайтын маскүнемдік. Полиция бұл бағытта алдын алу шараларын жүргізіп жатыр, алайда бұл жұмыс өзге мүдделі мекемелермен бірлесе отырып жүзеге асырылғанда ғана тиімді болмақ.

Кеңесте агрессорларға кәсіби психологиялық көмек көрсету қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Алайда қазіргі таңда медициналық мекемелерде бұл санаттағы адамдармен жұмыс істей алатын арнайы дайындықтан өткен мамандардың тапшылығы байқалады. Осыған орай, денсаулық сақтау басқармасына медицина қызметкерлерін оқытуды ұйымдастыру, зорлық-зомбылық жағдайларына әрекет етуге арналған арнайы хаттамалар әзірлеу, сондай-ақ зардап шеккендерге арналған мамандандырылған медициналық және консультациялық орталықтар ашу ұсынылды.

Қатысушылар оқу бағдарламаларына адам құқықтары мен зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыптарын енгізуді, педагогтер үшін зорлық-зомбылық белгілерін ерте анықтау бойынша тренингтер өткізуді, мектеп психологтары арқылы оқушыларға жүйелі көмек көрсетуді де ұсынды.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына зорлық-зомбылық құрбандарына уақытша тұрғын үй беру, материалдық көмек көрсету, психологиялық сүйемелдеу, дағдарыс орталықтары мен оңалту бағдарламаларын әзірлеу жөнінде міндеттер жүктелді.

Үкіметтік емес ұйымдар да өз тарапынан шұғыл көмек көрсету, зорлық-зомбылық жағдайларын жүйелі түрде бақылау және қоғамда нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыру бағытында ақпараттық-оқыту жұмыстарын күшейтіп жатыр. Бұл ретте қоғамдық белсенділікті арттыру және мемлекеттік органдармен бірлескен іс-қимылдың маңыздылығы атап өтілді.

Сондай-ақ облыс әкімдігіне дағдарыс орталықтарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажетті логистиканы – азық-түлікпен, бірінші кезекте қажетті тауарлармен жабдықтау, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Кеңес нәтижесінде ведомствоаралық өзара іс-қимылдың бірыңғай алгоритмі қабылданып, алдағы үш жылға арналған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жоспары бекітілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру