Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полицейлер Жеңістің 80 жылдығына орай патриоттық концерт өткізді

Павлодарда полицейлер Жеңістің 80 жылдығына орай патриоттық концерт өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы ел көлемінде кеңінен аталып өтуде. Осы атаулы датаға орай Павлодар облысында ауқымды "Жеңіске 80 жыл" атты патриоттық акция бастау алды. Акция аясында облыстық полиция департаментінің қызметкерлері ҚР Ұлттық ұланының 5512 әскери бөлімінің оркестрімен бірлесіп, музыкалық концерт ұйымдастырды.

Шара "Batyr Mall" сауда-ойын-сауық орталығында өтті. Концерт барысында соғыс жылдарындағы халық жадында жатталған әсерлі әндер орындалды. Полиция қызметкерлері мен әскери оркестр тыңдаушыларға патриоттық рухты сезіндіре отырып, тарихи жадыны жаңғыртатын шығармалар тарту етті.

Көрермендер соғыс кезіндегі танымал әндерді бірлесе орындап, музыка арқылы өткенді еске алды. Көпшіліктің көңілі босап, кей тыңдаушылар көз жасына ерік берді. Бұл концерт тек өнер кеші ғана емес, жүректерге жеткен, ел тарихына деген құрметтің көрінісіне айналды.

— Бүгінгі концертімізді 194-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арнап отырмыз. Бұл — жастарымызға ата-бабамыздың ерлігі мен Отанға деген адалдығын жеткізудің бір жолы. Мұндай шаралар тарихи жадыны сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізудің маңызын айқын көрсетеді, — деді Павлодар облыстық ПД бастығының орынбасары Жандос Орынбаев.

Шара соңында павлодарлықтар полицейлер мен оркестрге шынайы алғыстарын білдіріп, бұл бастаманың күтпеген, бірақ жүрекке жылы әсер қалдырғанын атап өтті.

— Мен бұл әндерді бала күнімнен білемін. Атам соғысқа қатысқан, сол жылдар туралы жиі айтатын. Соғыс — адамзаттың ең ауыр сынағы. Сондықтан бейбіт өмірді бағалай білуіміз керек. Бүгінгі кеш мен үшін өте маңызды болды, — деді көрермендердің бірі павлодарлық Андрей Валерьевич.

Ұлы Жеңістің естелігі — біздің рухани мұрамыздың маңызды бөлігі. Оны есте сақтау — тарихқа деген құрметтің белгісі. Полиция қызметкерлері үшін де бұл – азаматтық борыш, ал жас ұрпаққа тарихи шындықты жеткізу – ұлт алдындағы жауапкершілік.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру