Елордада "Қауіпсіз жол" ЖПІШ өтіп жатыр: тәртіп сақшылары жол қозғалысын бақылауды күшейтті
Елордада тәртіп сақшылары жол қозғалысын бақылауды күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау мақсатында "Қауіпсіз жол" республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы басталды.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – жол-көлік апаттарының деңгейін төмендету, жол қозғалысы саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтап, дер кезінде жолын кесу. Осы ретте полицейлер ереже бұзушылықтарға, әсіресе, қозғалысқа қауіп төндіретін өрескел заңбұзушылықтарға ерекше назар аударып отыр.
Іс-шараның алғашқы екі күні ішінде 1100-ге жуық жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелді. Оның ішінде 39 мопед жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 9 мопед арнайы айып тұрағына қойылды.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары қала көшелерінің бірінде мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ ABS мопедін тоқтатты. Тексеру барысында көлік құралының мемлекеттік тіркеуден өтпегені анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, мопед айыптұраққа жеткізілді.
Астана қалалық полиция департаменті барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол ережелерін қатаң сақтауға, өздерінің және өзгелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырады. Әрбір жол ережесін бұзу — адам өміріне тікелей қауіп төндіретінін ұмытпау қажет.