Алматы облысында "Qaisar" әскери-патриоттық жобасының облыстық кезеңі мәресіне жетті
Алматы облысында "Qaisar" әскери-патриоттық жобасының облыстық кезеңі мәресіне жетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысында "AMANAT" партиясының бастамасымен және облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қолдауымен жүзеге асып жатқан "Qaisar" әскери-патриоттық жобасының облыстық кезеңі мәресіне жетті. "Жастар есірткіге қарсы!" ұранымен өткен бұл іс-шарада өңірдің намысын республикалық деңгейде қорғайтын ең мықты жастар анықталды.
2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бастау алған жоба бүгінде батыл, тәртіпті әрі заңға мойынсұнған нағыз патриоттарды тәрбиелеу алаңына айналды. Мұндағы мақсат – жасөспірімдерді физикалық жағынан шынықтырып қана қоймай, олардың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, есірткі мен қоғамға жат әрекеттерге қарсы тұратын иммунитет қалыптастыру.
Облыстық кезеңді "Жастар Рухы" жастар қанатының өңірлік филиалы ұйымдастырды. Іріктеу кезеңіне облыстың түкпір-түкпірінен келген 1935 оқушы қатысып, 387 команда сынға түсті. Соның ішінен үздік деп танылған 11 команда – барлығы 55 жас патриот – ақтық кезеңге жолдама алды.
Финал нәтижесінде Қонаев қаласының командасы қола жүлдегер атанды, Іле ауданынан келген өрендер екінші орынды иеленді. Ал бас жүлдені Кеген ауданының жалынды жастары жеңіп алды.
– Бүгінгі жастар – ел ертеңінің тірегі. Біз есірткіге тәуелділіктің орнына рухтың қуатын, көше кезудің орнына спортты, немқұрайдылықтың орнына Отанға деген сүйіспеншілікті таңдаған өрендерге сенім артамыз. "Qaisar" – бұл жай ғана жоба емес, бұл – есірткіге қарсы тек сөзбен емес, іспен қорғайтын болашақ көшбасшылар мектебі, – деді ұйымдастырушылар.
Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталып, барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Енді Кеген ауданының командасы Алматы облысының намысын республикалық кезеңде қорғайтын болады.