Шығысқазақстандықтың үйінен тыйым салынған өсімдіктерді өсіруге арналған фитозертхана анықталды
Өскемен қаласында полиция қызметкерлері фитозертхананы анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері облыс прокуратурасының үйлестіруімен облыс орталығы тұрғынының үйінен тыйым салынған өсімдіктерді өсіруге арналған фитозертхананы анықтады.
Арнайы жабдықталған бөлмеде күдікті қарасора бұтақтарын өсірген. Тәркіленген өсімдіктердің жалпы салмағы 250 грамнан асты. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Полиция есірткі заттарын қолдану мен таратудың зиянды салдары туралы ескертеді және азаматтарды салауатты өмір салтын ұстануға, қоғамдық өмірге белсенді араласуға шақырады.
Егер сізге есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты қандай да бір ақпарат белгілі болса, 102 арнасына хабарлауыңызды сұраймыз.