Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ музейінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған тағылымды іс-шара өтті

Ішкі істер министрлігінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған тағылымды іс-шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Ішкі істер министрлігінің орталық аппарат қызметкерлеріне арналған "Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі" атты тақырыптық іс-шаралар өтті. Бұл тағылымды кездесулер өткен күннің өшпес өнегесін өскелең ұрпаққа насихаттауға бағытталды.

Іс-шара аясында ІІМ музейіндегі Ұлы Отан соғысының беттеріне арналған залда ерекше экспозиция ұйымдастырылды. Онда ішкі істер органдарының жауынгерлік жолынан сыр шертетін тарихи фотосуреттер мен сирек жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Әсіресе автомат ұстаған күйі айбатты көзқараспен алға ұмтылған Жеңіс жауынгерінің бейнесі – батырлық пен рухтың символындай әсер қалдырды.

Осы залда бейнеленген батырлардың бірі – аты аңызға айналған партизан, ішкі істер органдарының ардагері Нұрым Сыдықов. Ол – Брест қамалын қорғап, жау тылында партизандық соғыс жүргізген ержүрек жауынгер. Экспозиция барысында оның ерлікке толы өмір жолы жайлы фотодеректер мен құжаттар көрсетілді.

Сондай-ақ Брест қамалын қорғаған ерлерге арналған уақытша фотокөрме де көпшіліктің назарын аударды. Бұл – фашистердің алғашқы соққысын өз кеудесімен тосқан қаһарман жауынгерлердің ерлігіне тағзым.

1940 жылы Қазақстаннан Брест облысына үш мыңға жуық сарбаз әскери қызметке жіберілген болатын. Көпшілігі сұрапыл соғыстың алғашқы күндерінде ерлікпен қаза тапты. Солардың бірі – Нұрым Сыдықов еді. Ол 125-ші атқыштар полкінің пулеметшісі ретінде қызмет етті. Соғыс басталғанда рота құрамы Брест маңындағы далалық лагерьде орналасқан болатын. Жау басып кірген сәтте, олар алғашқы сағаттарда-ақ кескілескен шайқасқа түсті. Оқ-дәрілері таусылған соң шегінуге мәжбүр болып, 25 маусымда Сталин атындағы бригада құрамындағы Чернак атындағы алғашқы партизандық отрядқа қосылды.

Нұрым Сыдықов пулеметші болып бастаған әскери жолын рота командиріне дейін жалғастырды. Ол басқарған рота жау тылында 78 эшелонды, 16 автокөлікті, 3 теміржол көпірін және жүздеген рельсті жарып, бірнеше гарнизондарды жойған. Бұл – нағыз әскери шеберлік пен ұйымдастырушылықтың айғағы еді. Жауынгерлер арасында беделге ие болған Сыдыковтың отряды – от пен оқтың арасынан өткен, болаттай шыңдалған жауынгерлер ұжымы болды.

"1944 жылдың наурызында Чернак атындағы партизан отряды майдан шебін бұзып өтіп, Қызыл Армия бөлімдерімен қайта қауышты. Сол кезде Брест облыстық партия комитетінің тапсырмасымен жау тылында жаңа партизандық топтар ұйымдастыру үшін үш топ жасақталды. Мен солардың біріне командир болып тағайындалдым...", - деп еске алады аңызға айналған ардагер кейінірек.

Оның жауынгерлік ерліктері ескерусіз қалмады. Нұрым Сыдықов Қызыл Ту, II дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, І және ІІ дәрежелі "Ұлы Отан соғысының партизаны" медальдерімен, "Жауынгерлік ерлігі үшін", "Германияны жеңгені үшін" медальдарымен марапатталды.

Соғыстан кейін де Нұрым Сыдықов Отанға адал қызмет етуді жалғастырды. Брест қаласы азат етілген соң, ол партия ұйымының жолдамасымен ішкі істер органдарына қабылданып, 1961 жылға дейін қызмет етті. 1965 жылы Дінмұхамед Қонаевтың шақыртуымен елге оралып, 1971 жылға дейін Алматы қаласындағы Калинин аудандық ішкі істер бөлімінде басшы орынбасары қызметін атқарды.

Ардагер жауынгердің ерлігі мен өмір жолы ұмыт қалған жоқ. 2011 жылы оның «Сөнбейтін от» атты естелік кітабы жарық көрді. Кітапты белгілі жазушы, драматург Баққожа Мұқай әдеби өңдеуден өткізген. Бұл шығарма – Брест қамалын қорғаған ерлердің, Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан қазақ жауынгерлерінің рухына қойылған мәңгілік ескерткіш.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған шаралар – бұл ерлік тарихын жаңғырту ғана емес, бүгінгі бейбіт өмірдің қанмен, термен келгенін тағы бір рет еске салу. Нұрым Сыдықов сынды батырлардың ерлігі – әр қазақтың жүрегінде сақталар асыл аманат.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру