ШҚО-да полиция қатары 50 жаңа қызметкермен толықты
ШҚО-да полиция қатары жаңа қызметкерлермен толықты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысында жас полицейлер үшін ерекше әрі толқынысқа толы күндердің бірі өтті – салтанатты ант қабылдау рәсімі. Осы күні облыстық полиция департаментінің 50 жас қызметкері Отан мен халыққа адал қызмет етуге ант беріп, құқық қорғау қызметіндегі жолдарын ресми түрде бастады.
Іс-шара ел мен заң алдындағы борышты сезінудің, жауапкершілік пен сенімнің маңызын айшықтайтын тебіреністі атмосферада өтті. Салтанатты жиынға департамент басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері, тәлімгерлер, сондай-ақ жас тәртіп сақшыларының ата-аналары мен жақындары қатысты. Жиналғандар жас полицейлердің таңдауы мен миссиясын шын жүректен мақтан тұтып, қолдау білдірді.
Департамент бастығының уақытша міндетін атқарушы Алмас Төкенов жас қызметкерлерді құттықтап, олардың дайындық деңгейін, білімге құштарлығын, тәртіпке берік ұстанымын ерекше атап өтті.
- Антқа адалдық – бұл жай ғана ұран емес, бұл – өмірлік ұстаным. Ол сіздерді барлық сынақтарда жетелеп, абыройлы қызметтің жолына бағыттайды, – деді ол өз сөзінде.
Салтанат барысында мінсіз қызметімен көзге түскен 18 қызметкер алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталды. Ал 8 тәртіп сақшысына кезекті арнайы шен табысталды – бұл олардың кәсіби біліктілігінің және адал еңбегінің жарқын көрінісі.
Ардагерлер мен тәлімгерлер кеңесі өкілдері де өз тілектерін білдіріп, жас қызметкерлердің отбасына – олардың басты тірегі болған ата-аналары мен жұбайларына ризашылықтарын жеткізді.
Мерекелік көңіл-күйді департамент хорының орындауындағы "Рух" патриоттық әні мен облыстық полицияның әнұраны толықтыра түсті. Бұл әндер әрбір жүрекке Отанға деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін ұялатты.
Ант қабылдау рәсімі – бұл жай ғана рәсім емес, бұл — ұрпақтар сабақтастығының, ел алдындағы адалдықтың, және "полиция қызметкері" деген мәртебелі атаққа деген лайықтылықтың көрінісі. Жас полицейлер үшін бұл күн қызмет жолындағы жаңа кезеңнің бастауы ретінде мәңгі есте қалмақ.