Түркістан облысында жас полицейлер ант қабылдады
Түркістан облысында жас полицейлер ант қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 мамыр - Отан қорғаушылар мерекесі қарсаңында Жеңіс саябағында бірқатар жас полицей салтанатты түрде ант қабылдады.
Аталмыш шараға Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов, полицияның жеке құрамы мен жас полицейлер қатысты.
Бабаларымыздан аманат ретінде мұра болып қалған Қазақстанның ұлан-байтақ жері мен елін ақтық демі қалғанша қорғауға салтанатты түрде ант берген жастарды генерал құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
- Бүгіннен бастап полиция қатарына қосылдыңдар. Енді сендер тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында қызмет етіп, анттарыңа адал болуларың керек! Жас маман ретінде сендерді жұмысқа жаңаша леп әкеліп, өнімді еңбек етеді деп сенеміз! Сондықтан сенімді ақтап, жауапкершілікті жіті сезініңдер, - деді ПД бастығы.
Жалпы елін қорғайтын азаматтардың ант қабылдауы - Отанына, халқына ақтық демі шыққанша адал болуды, ел басына сын сағат түссе де мойымай көтеруді, қажет болса жан қию дегенді ұғындырады.
Ендеше ант қабылдап, еліне адал рухы мен патриот сезімі бар жастарымыздың саны арта берсін. Ел қорғандары антқа адал, Отанына мүлтіксіз қызмет етеді деп сенеміз!