Қызылордада ҚАЖД қызметкерлері Тағзым алаңына гүл шоқтарын қойды
Қызылордада ҚАЖД қызметкерлері Тағзым алаңына гүл шоқтарын қойды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
9 Мамыр – Жеңіс күні – бүкіл адамзат үшін қастерлі, жүректі тербейтін тарихи күндердің бірі. Бұл – майдан даласында жанын пида еткен боздақтарды еске алып, фашизмге қарсы күресте көрсетілген халықтар бірлігі мен батырлығына тағзым ететін күн.
Бүгін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай, ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің №68 мекемесінің қызметкерлері Тағзым алаңында естелік гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді.
Салтанатты шара барысында мекеме қызметкерлері ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті. Бұл – ел үшін жанын қиған батырларға деген шынайы құрметтің, терең ризашылықтың көрінісі.
– Отан үшін от кешкен ерлерді құрметтеу – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Біз бүгін бейбіт өмір сүріп отырсақ, бұл – олардың жанқияр ерлігі мен қайтпас қайратының арқасы. Батырлардың есімі тарихта, жүректерде мәңгі қалуы тиіс, – деді мекеме бастығының орынбасары Мирамбек Тұрымбетов.
Шара ұрпақтар сабақтастығы мен патриоттық рухтың айғағына айналды. Шараға қатысқан бүлдіршіндер жеке құрам қызметкерлерімен бірге естелік суретке түсіп, бабалар ерлігіне деген мақтаныш сезімін жүректеріне сіңірді.