Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көліктегі ПД-да Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті

Көліктегі полиция департаментінде Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Дәстүрге сай мерекелік іс-шара "Мәңгілік ұмытылмас есімдер" мемориалына гүл шоқтарын қоюмен басталды. Департамент басшылығы мен жеке құрамы, сондай-ақ ішкі істер органдарының ардагерлері мен шақырылған қонақтар ерлікпен қаза тапқан қаһармандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Көліктегі ПД бастығы Айдос Рысбаев қатысушыларды құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бейбіт өмір мен амандық тіледі.

- Бұл - сұрапыл соғыста Отан үшін отқа түсіп, қаһармандықтың теңдесі жоқ үлгісін көрсеткен ата-апаларымыздың жанкешті ерлігімен келген ұлы жеңіс. Біз Отан үшін майдан даласында көз жұмған боздақтарымыздың рухына бас иіп, ұрпағына бүгінгідей бейбіт өмір сыйлаған батыр бабаларымыздың есімдерін қастерлейміз, – деді ол.

Сонымен қатар Айдос Рысбаев Отан қорғаушылар күні мерекесінің маңыздылығына тоқталды.

- Бұл бүгінгідей бейбіт күнде тәуелсіз мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен азаматтарымыздың тыныштығын қорғап, антына адалдық танытып жүрген азаматтарды құрмет тұтар ұлық мереке. Әрбір Отан қорғаушы – еліміздің мақтанышы. Сіздердің кәсібилігіңіз, жауынгерлік дайындығыңыз бен табандылықтарыңыз өскелең ұрпаққа үлгі, - деді ол.

Сондай-ақ бұл іс-шарада ішкі істер органдарында қызметін жаңадан бастаған жас қызметкерлер салтанатты түрде ант қабылдады.

Айта кету керек, қос мерекеге орай 70-тен астам тыл ардагері мен ішкі істер органдарының ардагерлері марапатталды. Сондай-ақ қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін 117 көлік сақшысы ҚР ІІМ мен департаменттің медальдары және грамоталарымен марапатталды. Салтанатты бөлім жеке құрамның саптық шеруімен аяқталды. Бұл – ұрпақтар сабақтастығын, тәртіп пен бірлікті білдіретін нышан.

Көліктегі ПД-да Ұлы Жеңістің 80 жылдығын бір соғыс ардагері, 9 тыл еңбеккері және 7 соғыс ардагерінің жесірлері қарсы алды. Олардың барлығына естелік сыйлықтар табысталды. Жеке қатыса алмаған ардагерлерге құттықтаулар мен сыйлықтар үйлеріне жеткізілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру