Маңғыстауда ПД басшысы тыл еңбеккеріне мерейтойлық медальді табыстады
Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов ішкі істер органдарының ардагері, тыл еңбеккері Дүйсенғали Бердешовтің шаңырағына арнайы барып, Мемлекет басшысының атынан "Жеңістің 80 жылдығы" мерейтойлық медалін салтанатты түрде табыстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ардагер 1937 жылы 15 мамырда Гурьев облысының Ново-Богатин ауданында дүниеге келген. Жұмысшы отбасынан шыққан, жоғары білімді азамат. Еңбек жолын Кеңес Армиясының қатарында сапер ретінде бастап, кейін сапер бөлімінің командиріне дейін көтерілген.
1960 жылы ішкі істер органдарында қызметін бастаған. 1965 жылы Якутияда қызметтен босатылғанымен, 1966 жылы қайта қатарға алынып, Гурьев облысында жұмысын жалғастырды. 1973 жылдан бастап Маңғышлақ облысына ауысып, түрлі жауапты лауазымдарды атқарды. 1985 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.
Ардагердің ұзақ жылдар бойы Отанға адал қызмет етіп, елге сіңірген еңбегі – жас ұрпаққа үлгі боларлық өнеге.
Марапат табыстау барысында департамент басшысы ардагерге зор денсаулық, амандық және ұзақ ғұмыр тілеп, оның мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін ерекше атап өтті.