Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!": Қостанайда Отбасы күніне орай концерт өтті

Қостанайда Халықаралық Отбасы күніне және ҚР ІІМ жариялаған “Профилактика жылына” орайластырылған флешмоб пен мерекелік концерт өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Ауқымды акция "Заң мен тәртіп – полиция бақылауында" ұранымен ұйымдастырылып, "Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" челленджінің бір бөлігіне айналды.

Қостанай облысы ПД отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Мадина Валиеваның айтуынша, іс-шараның мақсаты – қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қалыптастыру, отбасы құндылықтарын нығайту және ведомствоаралық ынтымақтастықты кеңейту.

Облыс әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңға 300-ге жуық колледж студенті жиналды. Олар "Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!" деген жазуды бейнелеп, шарлар мен жалаушаларды бұлғап, қала тұрғындарының назарын аударған жарқын әрі есте қаларлық көрініс жасады.

Бастамаға облыстық мәдениет және спорт басқармасының өкілдері, әскери қызметшілер, ТЖД қызметкерлері, дәрігерлер, "БАРС" және "ДОС" іздестіру-құтқару жасақтарының еріктілері, сондай-ақ "Әйелдер күштері альянсы" үкіметтік емес ұйымы қолдау білдірді.

Іс-шараның жарқын сәттерінің бірі – Бүкілқазақстандық кекушинкай каратэ ұйымының Қостанай филиалының жас каратэшілерінің көрсетілімдік нөмірі болды. Олардың өнері агрессияны күшке, тәртіпке және өзін-өзі басқаруға айналдыруға болатынын символдық түрде көрсетті.

— Спорт – бақылауды, тәртіпті, сыйластықты үйретеді. Бұл – агрессиясыз күш! Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!, — деді Айсұлу Әбілханова.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері отбасылық зорлық-зомбылық жағдайында көмекке жүгінуге болатын сенім телефондары мен қызметтердің байланыс нөмірлері жазылған ақпараттық жадынамалар таратты.

Қостанай облысы әкімінің аппаратындағы әйелдер мен балалар істері жөніндегі бас инспектор Айсұлу Исмаилова мұндай акциялардың ағарту мен алдын алу құралы ретіндегі маңызын атап өтіп, барлық отбасыларға өзара түсіністік, үйлесімділік пен сүйіспеншілік тіледі.

Іс-шара қаланың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен аяқталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру