Павлодар облысында ПД-ның ұйымдастыруымен салауатты өмір салтын насихаттайтын шара өтті
Павлодар облысында ПД-ның ұйымдастыруымен салауатты өмір салтын насихаттайтын шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласының Ертіс жағалауында өткен "Салауатты отбасы – болашақ кепілі! Есірткісіз болашаққа ұмтыл!" атты ауқымды іс-шара отбасылық құндылықтарды дәріптеп, салауатты өмір салтын насихаттауға арналды. Бұл бастама "Ертіс Толқыны" жобасы аясында Павлодар облысы полиция департаментінің ұйымдастыруымен және "New Vision Team" қоғамдық қоры мен ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – қоғам назарын нашақорлықтың зиянына аудару, оның алдын алу жолдарын түсіндіру және отбасы институтын нығайтуға ықпал ету болды. Ертіс өңірінің тұрғындары мен қонақтары спорттық жарыстар мен шығармашылық байқауларға белсенді қатысып, білікті мамандардан АИТВ-инфекциясының таралуы мен наркологиялық тәуекелдер туралы маңызды ақпарат алды.
Қатысушылар алғашқы медициналық көмек көрсету және өзін-өзі қорғау тәсілдері бойынша шеберлік сабақтарынан өтті. Қызметтік иттер есірткі мен жарылғыш заттарды іздеу дағдыларын көрсетіп, көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Армрестлинг пен ауыр атлетика турнирлері де ерекше назарда болды.
Балалар үшін шығармашылық аймақ ұйымдастырылып, еріктілермен бірге олар ата-аналарымен бірігіп "Мықты отбасы – бақытты болашақ" тақырыбында жарқын баннерлер салып, мерекелік көңіл-күйге бөленді.
Іс-шара соңында "TopStar" спорт орталығының фитнес-нұсқаушысы белсенді қыздыру жаттығуын өткізіп, қатысушыларға сергектік пен жігер сыйлады. Бұл күн өз денсаулығы мен жақындарына қамқорлық жасаудың маңызын тағы бір мәрте еске салды.