Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай станциясында көлік полицейлері әйелді құтқарып қалды

Қостанай станциясында көлік полицейлері әйелді құтқарып қалды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

17 мамырда Қостанай станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері теміржол вокзалының ғимаратында талмасы ұстап қалған әйелге шұғыл көмек көрсетіп, жоғары кәсіби даярлықтары мен шапшаңдықтарын көрсетті.

Сағат 09:44 шамасында вокзал кезекшісі бірінші қабатта әйел адамның есінен танып, құлап қалғанын перрондардың бірінде жүрген кезекші жедел-тергеу тобына хабарлады. Полицейлер бірден оқиға орнына жетті.

Қызметкерлері күту залында ес-түссіз жатқан әйелді тауып алды. Тәртіп сақшылары бір сәт кідірместен алғашқы медициналық көмек көрсетті: жәбірленушіні бір қырына жатқызып, ауыз қуысын ашып, тыныс жолдарының ашық болуын қамтамасыз етті, осылайша тұншығудың алдын алды.

Вокзал қызметкерлері жедел жәрдем қызметін шақырды. Зардап шеккен әйел ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынды.

Тексеру барысында, вокзалдың төменгі қабатында болған 40 жастағы әйелдің кенеттен есінен танып, еденге құлағандығы анықталды. Қостанай станциясындағы желілік полиция бөлімі қызметкерлерінің шұғыл әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында ауыр зардаптың алдын алуға мүмкіндік туды.

Құтқару жұмысына жедел-тергеу тобының қызметкерлері, атап айтқанда, жедел-криминалистикалық топтың аға криминалисі Евгений Юдаков, Қостанай станциясы Тобыл бекетіндегі қылмыстық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Нұрбол Абиров, тергеуші Ерлан Мухитденов және патрульдік полиция қызметкері Аблай Қаппазов қатысты.

Полиция аға сержанты Аблай Қаппазов үшін мұндай төтенше жағдайларда азаматтарға көмек көрсету үйреншікті іс. Мәселен, 2019 жылы ол қызмет барысында өз-өзіне қол жұмсамақ болған азаматты құтқарып қалған болатын.

— Біз академияда оқып жүргенде үйреткендей жағдайға сай әрекет еттік. Мұндай жағдайда абдырап қалмай, жедел шешім қабылдай білу өте маңызды. Сол арқылы біреудің өмірін сақтап қалға болады, — дейді полицейлер.

Бұл оқиға құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жоғары кәсіби дайындығы мен төтенше жағдайларда әрекет етуге әрдайым дайын екендіктерін және азаматтардың қауіпсіздігіне зор жауапкершілікпен қарайтындықтарын көрсетті.

Көлік полицейлері өз міндеттерін адал атқарып, еліміздің әуе және темір жол көлігі объектілерінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында күнделікті қызметтерін жалғастыруда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру