Павлодарда мыңнан астам жүргізуші тұрақ ережесін бұзған
Павлодарда мыңнан астам жүргізуші тұрақ ережесін бұзған, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласының полициясына тұрғындар автотұрақ ережелерін сақтамайтын жүргізушілерге шара қолдануды сұрап жиі жүгінеді. Мұндай құқық бұзушылықтың кезекті фактісі Бекхожин көшесінде тіркелді.
"Chevrolet" автокөлігінің жүргізушісі жол белгілерін елемей, өз көлігін мүгедектерге арналған тұрақ орнына қалдырған. Бұл әрекетті байқаған қала тұрғындары бірден полицияға хабар берген.
Тәртіп сақшылары жүргізушіні анықтап, онымен профилактикалық әңгіме жүргізді. Ер адам полиция қызметкерлеріне басқа бос орын болмағанын және өзге тұраққа баруға ерінгенін айтқан. Аталған құқық бұзушылық бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, ағымдағы жылдың басынан бері көлік құралдарын тоқтату және тұраққа қою ережелерін бұзғаны үшін 1 100-ден астам жүргізуші жауапкершілікке тартылған.
Жол қозғалысының барлық қатысушыларына қауіпсіздік үшін жол жүру ережелерін қатаң сақтау қажет. Жылдамдықты асырмаңыз, қарсы қозғалыс жолағына шықпаңыз, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон қолданбаңыз, тұрақ ережелерін бұзбаңыз және жолды тек жаяу жүргіншілер өткелімен, бағдаршамның жасыл түсіне өтіңіз.