Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында мас күйде көлік жүргізу қайғылы жағдайға әкеле жаздады

Абай облысында мас күйде көлік жүргізу қайғылы жағдайға әкеле жаздады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

17 мамыр күні сағат 23:30 шамасында Семей қаласындағы Бозтаев көшесінде патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзған автокөлікті байқап, оны тоқтатпақ болды. Алайда жүргізуші заңды талапқа бағынбай, жоғары жылдамдықпен қашып кетуге тырысты.

Қуғындау жол қиылысында аяқталды. Mazda  автокөлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, рөлге ие бола алмай, ГАЗ автокөлігімен соқтығысты. Қатты соққы салдарынан Mazda көлігінің корпусы айтарлықтай зақымданып, жүргізуші көлік ішінде қысылып қалды.

Оқиға орнындағы алғашқы минуттар шешуші болды. Жүргізушіні тоқтатуға тырысқан полиция қызметкерлері көмекке бірінші болып жетті. Көп ұзамай келіп жеткен патрульдік экипаждар мен бейжай қарамаған басқа да жүргізушілер бірігіп, көліктің есігін ашып, зардап шеккен азаматты сыртқа шығарып үлгерді. Медициналық тексеру нәтижесінде жүргізушінің жеңіл жарақат алғаны анықталды.

Тексеру барысында 38 жастағы жүргізушінің алкогольдік мас күйде болғаны белгілі болды. Енді ол көлік құралын мас күйде басқарғаны, жол-көлік оқиғасына себепкер болғаны және полицияның заңды талабына бағынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып отыр. Аталған дерекке қатысты материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін мамандандырылған әкімшілік сотқа жолданды.

Бұл оқиға тағы да бір мәрте ескертеді: мас күйде көлік жүргізу — тек заң бұзушылық қана емес, ол жол қозғалысына қатысушы барлық азаматтың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру