Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында қоғамдық көлікті пайдалану ережелерін бұзған жүргізушілер анықталды

Ақмола облысында қоғамдық көлікті пайдалану ережелерін бұзған жүргізушілер анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

"Қауіпсіз жол" республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында ақмолалық патрульдік полицейлер қоғамдық көлікті пайдалану ережелерінің бұзушылықтарын анықтап, ондаған жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, жедел шаралар қабылдады.

Осы жылдың 20 мамырында Екатеринбург – Алматы автожолының 1291 шақырымында полиция қызметкерлері Шымкент қаласынан Астана қаласына бара жатқан Van Hool, EOS және VAN қалааралық үш автобусты тоқтатты. Көлік құралдарының әрқайсысында 30-ға жуық жолаушы болды, барлығы 90-ға жуық адам.

Тексеріс кезінде автобустардың өз бетінше қайта жабдықталғаны анықталды: конструкцияда көзделген отыратын орындардың орнына жүргізушілер жатын орындарын орнатты, бұл жол-көлік оқиғасы кезінде жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.

Сонымен қатар үш жүргізуші де бір жыл ішінде осындай бұзушылықтар үшін жауапқа тартылғаны анықталды. Құқық бұзушыларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы 10-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар жасалды.

Полицейлер жазамен шектелмеді, әр жүргізушімен қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңыздылығы туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді. Қоғамдық көлік уақытша тәркіленіп, мамандандырылған тұраққа жіберілді.

Ақмола облысының құқық қорғау органдары жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыруда және еске салады: көлік құралының конструкциясындағы кез келген өз бетінше өзгерістер тиісті рұқсатсыз заңды бұзып қана қоймай, жолаушылардың өміріне қауіп төндіреді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру